Биыл ХҚО қызметкеріне қол көтеруге қатысты 8 оқиға тіркелген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне 8 қол көтеру оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай айтып берді.

«Жыл басынан бері Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызметкерлерге қол көтеріп, күш көрсетудің 8 фактісі тіркелді. Бұл оқиғалар бойынша сотта тергеу амалдары жүріп жатыр. Нақты сот шешімі шыққан соң қосымша ақпарат беріледі. Аталған оқиғалар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында болды. Барлық 8 оқиғада нақты қол жұмсау орын алған, одан басқа ХҚО-на келіп, жанжал шығаратын фактілер де жиі тіркеледі», - деді М. Жұманбай Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілерге берген сұхбатында.

Корпорация директоры Халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтардың жанжал шығару себептерін айтты.

«Мәселен, ХҚО қызметкерлері белгілі бір құжаттарды талап етсе, азаматтар оны толық әкелмейді. Немесе өз орнына басқа адамды жібереді, оның сенімхаты немесе туыстығын растайтын басқа да құжаты болмайды. Соған қарамастан, бұл азаматтар өзіне қызмет көрсетуін талап етеді. Сондай жағдайларда біздің қызметкерлер заңбұзушылыққа бара алмайды. Олардың тиісті міндеттері мен талаптары бар. ХҚО қызметкері заңсыз талаптарды орындамағандықтан азаматтар жанжал шығарады», - деді М. Жұманбай.

Соңғы жаңалықтар