Биыл игерілмей жатқан 5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл игерілмей жатқан 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл игерілмей жатқан 5  млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

«Бүгінгі таңда ағымдағы жылдың соңына дейін пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген 5 млн гектар жерді қайтару жоспарлы мерзімінен бұрын орындалды.

Сондай-ақ, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін, Ауыл шаруашылығы миннистрлігінің жер инспекторлары ағымдағы жылы жұмыс істеп тұрған субъектілердің 1,8 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін игеруге кірісті», - делінген ведомство хабарламасында.

Министрлік дерегінше, келесі жылы игерусіз жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы тағы 5 млн гектар жер мемлекетке қайтарылмақ. Бүгінде оларды қайтару бойынша жұмыстар қолға алынған.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Қазақстанның ең шұрайлы жерлері игерілмей жатқанын мәлімдеп еді.