Биыл инфляцияны 2 есе төмендету керек – Үкімет басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Стратегиялық инвесторларды тарту жұмысын күшейту қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында стратегиялық инвесторларды тарту жұмысын күшейту қажет. Инвесторлардың әрқайсысымен тікелей жұмыс істеп, келіссөздердің әр сатысын бақылауға алу керек», - деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы министрліктер мен өңір әкімдіктері осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыруы тиістігін баса айтты.
«Алдымызда тұрған аса маңызды міндеттің бірі – бағаның өсуін тежеу. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 6 айдың қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 14,6 пайызға дейін төмендеді. Дегенмен, осы жылы инфляцияны 2 есе төмендету керек. Бұл біздің бәрімізден үйлесімді және жүйелі жұмыстарды талап етеді. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфляцияны жоспарлы мәнге дейін төмендету шараларын қамтамасыз етуі қажет», - деді Әлихан Смайылов.