Биыл инфрақұрылымды дамыту аясында 14 облыс орталығында 67 жоба іске асады
«Қазіргі кезде министрлік адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және Өңірлік стандарттар жүйесінің көрсеткіштерін жақсарту үшін түрлі бюджеттік бағдарламалар аясында өңірлерді дамыту жұмысын жалғастырып жатыр. Мәселен, 2023 жылы өңірлердің инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 14 облыс орталығында 67 бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыруға 42,1 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат бойынша қала ішіндегі 60 шақырымға жуық жолды және 140 шақырым инженерлік желіні жаңғырту жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, 29 моноқала мен шағын қалада 74 жобаны жүзеге асыруға 34,9 млрд теңге бөлінді. Қала ішіндегі жолдардың 90 шақырымын және инженерлік желілердің 180 шақырымын жаңғырту жоспарланып отыр», - деді Ә. Қуантыров.
Сонымен қатар, ірі қалалардың шет аймақтарын инфрақұрылымдық тұрғыда дамыту үшін 33 жобаны іске асыру жоспарланған.
«Оларды іске асыруға 41,5 млрд теңге бөлінді. Көрсетілген қалаларда шамамен 60 шақырым жол және 160 шақырым инженерлік желі жаңғыртылады», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Өңірлік стандарттар жүйесін өзгеріс енгізіліп, жаңа редакцияда нысандар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі айтарлықтай кеңейтілді.