Биыл ішкі жалпы өнімнің көрсеткіші 7,2 пайызға өсті - ҚР Статистика агенттігі
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Ағымдағы жылдың соңғы он бір айы ішінде еліміздегі ішкі жалпы өнімнің көрсеткіші 7,2 пайызға өсті.
Бұл туралы бүгін ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
Оның айтуынша, қаңтар-қыркүйек айларында ішкі жалпы өнімнің деңгейі 7,5 пайызға көтерілсе, қаңтар-қазан айларында оның көрсеткіші 7,1 пайызды құрады. «Ал соңғы қаңтар-қараша айлары ішінде жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші орташа есеппен 7,2 пайызға өсті», - дейді Ә.Смайылов. Сондай-ақ агенттік төрағасы атап көрсеткендей, биылғы инфляцияға азық-түлік бағаларының өсуі едәуір әсер етті.