Биыл К. Байсейітова атындағы театрдың ғимаратына Қаллеки театры орналасады - Мәдениет министрі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры ғимаратына Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы көшіп барады.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.
«Халқымыздың театрға деген көзқарасы ерекше. Осы орайда тетрларды дамыту мәселесі бойынша Парламентте үлкен жиналыс болады. Театр өнердің бір бағыты ғана емес, сонымен қатар еліміздің рухани байлығы, яғни идеологиялық тұрғыда өзіндік ерекшелігі бар. Өздеріңіз білесіздер, К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының негізінде «Астана Опера» театры ашылды. К. Байсейітова атындағы театрдың ғимараты осы жылы міндетті түрде Қ. Қуанышбаев атындағы театрына беріледі», - деді министр.
А. Мұхамедиұлының сөзіне қарағанда, алдағы уақытта театрлар мәселесі бойынша ауқымды жұмыстар атқарылады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 3 ақпандағы № 43 қаулысымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны таратылады.