Биыл кадрларды қайта даярлау бағдарламасын қаржыландыруға 14,4 миллиард теңге жұмсалмақ

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кадрларды даярлау бағытында 146 мың адам қамтылады.

Биыл кадрларды қайта даярлау бағдарламасын қаржыландыруға 14,4 миллиард теңге жұмсалмақ
Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның басшысы Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кадрларды қайта оқыту үш бағыт бойынша іске асырылатынын жеткізген министр, «біріншісі, 100 мың адамды Аймақтық еңбекпен қамту стратегиясы аясында даярлау. Бұған 7 миллиард 320 миллион теңге жұмсалады. Екіншісі, макроаймақтардың экспорттық мамандануын жүзеге асыру үшін 23,5 мың маманды оқыту (4 миллиард теңге)», деді. Министрдің сөзіне қарағанда, үшінші бағыт аясында шетелдік мамандарды ауыстыру үшін еліміздің 23 мың маманын даярлау шаралары қамтылған. Бұл білім беру орталықтары мемлекет тарапынан да және шетелдік жұмыс күшін тартып отырған жұмыс берушілер жағынан да қаржыландырылады. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі мен жұмыс берушілер арасында әріптестік жөніндегі келісімге қол қойылмақ. «Шетелдік мамандарды ауыстыру үшін еліміздің 23 мың маманын даярлауға 3 миллиард теңгеден астам қаржы қажет»,-дейді министр. Кадрларды даярлау бағытында 146 мың адам қамтылатынына тоқталған ол, 2009 жылы аталған оқыту бағдарламаларын қаржыландыру көлемі 14,4 миллиард теңгені құрайтынын айтып өтті.