Биыл қаңтар-қыркүйек айларында еліміздегі ІЖӨ-нің көлемі 14 трлн. 250,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға өсті - Ж. Айтжанова
АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімде экономикалық индикатор 107,2 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін 2010 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысына арналған Үкімет отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті.
«2010 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 107,2 пайызды құрады. Сонымен қатар биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы Ішкі жалпы өнімнің көлемі 14 трлн. 250,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға өсіп отыр», - деп атап өтті министр.
Ж. Айтжанованың сөзіне қарағанда, ІЖӨ құрамында тауарлар өндірісі 43,1 пайызды, қызметтер көлемі 54 пайызды құрады. «ІЖӨ өндірісінің негізгі үлесін, яғни 31,4 пайызын өнеркәсіп өндірісі құрап отыр», - деді Ж. Айтжанова.
Атап айтқанда, биылғы қаңтар-қараша айларындағы өнеркәсіп өндірісінің нақты көлемі индексі өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 10,5 пайызға өсті. Бұл өсім өңдеу секторындағы өндірістің 18,8 пайызға, сондай-ақ тау-кен саласындағы өндірістің 5,7 пайызға артуымен қамтамасыз етіліп отыр.