Биыл Қарағанды автопарктері 80 жаңа автобус сатып алуы тиіс
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек автопарктерді жаңартып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өзекті мәселе – ірі қалалардағы қоғамдық көліктің жұмысы. Автобустардың шығу кестесі сақталмайды. Мысалы, облыс орталығында жоспар бойынша 202 автобус шығуы тиіс, ал шын мәнінде 150–170 шығады. Биыл шамамен 80 автобус сатып алу керек. Ол үшін біздің өз автобус зауытымыз бар. Келесідей қағиданы ұстануымыз керек: автопарктер автобустарды ауыстырса, маршруттар алады, ескілерімен жұмыс істесе – алмайды», – деді аймақ басшысы әкімдіктің кеңейтілген отырысында.
Қарағанды әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың ақпаратына сүйенсек, қала бойынша жолаушылар көлігінің 60% жаңартылды.
Ол автопарктермен жаңа автобустар сатып алуға келіскенін хабарлады.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2021 жылы Қарағандыда отандық өндірістің 40 жаңа автобусы, Теміртауда – 20, Жезқазғанда – 20, Саран қаласында – 11 жаңа автобус іске қосылды.
Облыс әкімі сондай-ақ электронды билеттеуге көшуді жеделдетуді тапсырды.
«Бұл нарықты заңдастыруға алып келеді. Жолаушылардың нақты санын білуге мүмкіндік береді. Осыған сүйене отырып, жолаушылар тасымалын қалыпты түрде субсидиялай аламыз», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар, өңір басшысы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі облыстық комиссияның жұмысын күшейтуді талап етті.
Жол инфрақұрылымын дамыту туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Саят Шаймин баяндады.
Оның айтуынша, биыл облыс бойынша 1 336 шақырым автожолды жөндеу жоспарланған.
Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал республикалық трассаларының учаскелерін қайта жаңарту жалғастырылады. Жезқазған-Қызылорда жолының көптен күткен жаңаруы басталады.
Алдағы уақытта Новодолинка – Шахан – Молодецкое, Нұра – Шахтёр, Жартас – Долинка, Қарағанды – Үштөбе – Құрылыс, Осакаровка – Молодёжное облыстық автожолдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталады. Жошы хан мен Домбауыл кесенелеріне жол салынады.
Тағы бір маңызды жоба – Нұра мен Осакаровка арасындағы жолды қайта салу.
Биыл ең проблемалы учаскедегі жұмыстар басталады. Олар 2023 жылы жолды толығымен жаңартуға уәде береді.
«Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша кентішілік жолдарды ретке келтіру жалғастырылады.