Биыл Қарағанды облысында 50 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Биыл Қарағанды облысында 50 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Өңірде кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша ірі кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындары құрылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еңбекпен қамту шаралары туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова ведомствоның Instagram парақшасында тікелей эфирде баяндады.
«Биылғы жылы Өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілді, оған сәйкес 54 мың адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде ұлттық жобаларды іске асырудың арқасында – 5 мың, бос орындарға – 22 мың, жеке бастамалар шеңберінде – 17 мың. Сәуір айындағы жағдай бойынша жұмыспен қамту шараларымен 8 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 6 мыңға жуығы жұмысқа орналасты және кепілді айлық табысы бар», – деді Әсем Жүніспекова.
Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша өңірдің 31 мың тұрғыны Жұмыспен қамту шараларымен қамтылады. Оның ішінде ізденушілер «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жобалары бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алады.
Өңірдің ірі кәсіпорындарында, соның ішінде Saran индустриялық аймағында, Нұра және Бұқар Жырау аудандарында және Теміртауда жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.
Қысқа мерзімді курстарда 1551 адам оқиды. Облыстың мыңнан астам тұрғыны Skills Enbek платформасы арқылы мамандық ала алады.