11:02, 13 Қараша 2013 | GMT +5
Биыл қазақ күресінен «Еуразия барысы» турнирі өтеді
АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Биыл тұңғыш рет қазақ күресінен «Еуразия барысы» турнирі өтеді. Бұл туралы бүгін Астанада ашылған «Қазақ күресінің өткені, бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы I республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Таңатбек Есентаев мәлім етті.

Оның хабарлауынша, биыл ұлттық күрестен республика бойынша өткен жарыстарға 150 мыңнан астам палуан қатысты. «Енді, топ жарған ең таңдаулы спортшылар теңдесі жоқ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақстан барысы» мен «Жас барыс» атты турнирлерде өнер көрсетеді. Сонымен қатар, биыл 7 желтоқсанда Тараз қаласында тұңғыш рет «Еуразия барысы» турнирі өз жалауын көтереді. Осының барлығы қазақ күресін Азия және Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу мақсатында атқарылып жатыр. Бұл - біздің басты мақсатымыз», - дейді Т.Есентаев.