Биыл Қазақстан астығының экспорттық әлеуеті 7-8 миллион тоннаны құрайды - А. Күрішбаев
АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биыл Қазақстан астығының экспорттық әлеуеті 7-8 миллион тоннаны құрайды. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің болжам бойынша, биылғы жылы елімізде астықтың экспорттық әлеуеті 7-8 миллион тоннаны құрайды. Бұл өткен жылға қарағанда шамамен 2 миллион тоннаға артық»,-деді министр.
Селекторлық кеңестен кейінгі брифингте А. Күрішбаевтың айтуынша, ағымдағы жылы Ауғанстан, Иран, Орталық Азия, Кавказ елдеріне экспорттың бұрынғы бағыттары сақталады деп күтілуде. «Сонымен қатар Украинада астықтың жалпы жиыны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге аз болмақ. Осыған байланысты олардың экспорттық әлеуеті 12 миллион тоннадан 5,5 миллион тоннаға дейін төмендеп қалды. Сондықтан, меніңше Қара теңіз айлақтары өткен жылға қарағанда ертерек, яғни жылдың соңына қарай ашылатын болады. Осыған сәйкес бұл кезеңде бізге астық тасымалдайтын вагондар қажет»,-деді министр.
Бүгінде еліміздегі 5 мың 200 астық тасымалдағыш вагондар аздық ететініне тоқталған А. Күрішбаев, «біз бір айда 700 мың тонна астық экспорттауымыз керек. Ал қазіргі кезде астық тасығыштардың ай сайынғы мүмкіндігі 500 мың тоннаны құрайды», деді.