Биыл Қазақстан бойынша 6,5 млн. шаршы метр жаңа баспана пайдалануға берілмек

АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы ел бойынша 6,5 млн. шаршы метр баспана пайдалануға берілуі тиіс.

Биыл Қазақстан бойынша 6,5 млн. шаршы метр жаңа баспана пайдалануға берілмек

Бұл туралы бүгін ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің алқа мәжілісінде ведомствоның жауапты хатшысы Салауат Дембай мәлім етті.

Оның атап өтуінше, 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының негізгі міндеті Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының көлемін қазіргі кездегі 6 млн. шаршы метрден 2020 жылға қарай жылына 10 млн. шаршы метрге арттыру болып табылады. Ал ол міндеттерді орындау үшін агенттік «Жол картасын» әзірледі, аталған құжатта бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-қимылдың қадамдық жоспары жан-жақты жазылған. «Ағымдағы жылы «Жас отбасылар үшін тұрығын үй»  бағыты бойынша  құрылысты аяқтау үшін бюджеттен  15 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жалпы, ағымдағы жылы 6 млн. 500 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу қажет. Бүгінгі күні облыстардың әкімдіктері осы қаражатты игеруге кірісіп кетті», - деді ол.

Бұдан бөлек С.Дембайдың сөзіне қарағанда, агенттік Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесіп, үй құрылысы комбинаттарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды бастады. Өңірлердегі әкімдіктер үй құрылысы комбинаттарын ұйымдастыруға қатысушылармен-компаниялармен ниет және өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасауға кірісті.