Биыл Қазақстан жолдарының бойында 14 медициналық-құтқару бекеті ашылады

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы елімізде автожолдар бойында қосымша 14 медициналық-құтқару бекеті ашылатын болады.
None
None

Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің іске асырылу мәселесін талқылау барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов мәлім етті.

«Біз Қазақстанның автожолдарын, оның ішінде жол-көлік апаты жиі орын алатын аймақтарды, нүктелерді сараптап шықтық. Бұндай орындардың саны шамамен 40-тан астам. Дәл осындай нүктелерден біз медициналық-құтқару бекеттерін ашпақшымыз. Биылғы жылы осындай 14 нысанды ашатын боламыз», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, құтқару бекеттері қажетті жабдықтардың барлығымен толық қамтылады. Мәселен, онда екі реанимобиль орналасып, медицина қызметкерлері үшін арнайы бөлмелер салынады. Кешен ішінде медициналық препараттар толығымен жабдықталып, оның ішінде диагностика мен емдеу құралдары да қамтылады.

«Біз бұл бекеттер негізінен жол-көлік апатынан жапа шеккендерге жедел көмек көрсетеді деп есептеген едік. Дегенмен, бізге автотрассалардағы көлік жүргізушілерден, олардың жолаушыларынан өтініштердің қаптап түсуі күтпеген жағдай болды. Яғни, іс жүзінде бұндай медициналық пункттер тек апат жағдайында ғана емес, күнделікті өмірде де өздерінің қажеттіліктерін көрсетті, тиімділігі де танылады деп ойлаймын», - дейді Е. Байжүнісов.

Оның айтуына қарағанда, қазіргі таңда басты мақсат жол бойындағы медициналық пункттерді білікті мамандармен қамтамасыз ету болып отыр.

Соңғы жаңалықтар