Биыл Қазақстанда 1 118 трактор және 736 комбайн құрастырылды
«Қазақстанда ауыл шаруашылығы машинасын жасау өндірісінің көлемі 2019 жылдың қорытындысында 122,4 млрд теңгені құрап, 1849 трактор мен 791 комбайн шығарылған еді. Биылғы 8 айдың қорытындысында отандық кәсіпорындар 20,3 млрд теңгеге 1 118 трактор және 34,7 млрд теңгеге 736 комбайн құрастырды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе артық», - делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінде.
Аталған ведомство отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды ынталандыру мақсатында тракторлар мен комбайндарға жеңілдікті лизинг бағдарламасын іске асыруда. Бағдарламаның негізгі шарттары бойынша техника құнының 15% бастапқы жарнасымен 7 жылға 7%-бен лизинг алушыға қаржыландыру ұсынылады. 2018 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3 млрд теңге, 2019 жылы 3,5 млрд теңге және 2020 жылы 6,5 млрд теңге бөлінді.
Саланы әрі қарай қолдау мақсатында жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы тракторлар мен комбайндарға 2021-2025 жылдарға 13,5 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлу ұсынылып отыр.