Биыл Қазақстанда 300-ден аса әдепсіз мемқызметкер анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы 300-ден астам мемқызметкер әдеп қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Биыл Қазақстанда 300-ден аса әдепсіз мемқызметкер анықталды

Бұл туралы баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Қуаныш Жапақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылдың 9 айында 3535 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде 10 пайызы тәртіптік комиссияның ұсынымы бойынша әдеп қағидаларын бұзғаны үшін жауапты болды. Атап айтқанда, 8 мемлекеттік қызметші қызметінен төмендетілді, 17 адам атқарып отырған лауазымынан босатылды»,-деді Қ. Жапақов.

Белгіл болғандай, әдеп жөніндегі уәкілдер барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда енгізілген. Республика бойынша әдеп жөніндегі барлығы 34 уәкіл қызмет атқарады. Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде әдеп жөніндегі уәкілдерге 365 мемқызметші мен азаматтар шағымданып, кеңестер алды.

Агенттік мәліметіне қарағанда, мемлекеттің барлық аумақтарында құрылған және қызмет атқарып келе жатқан Әдеп жөніндегі кеңестердің ағымдағы жылдың 10 айында 126 отырыс өтті. Егер де мемқызметші Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің талаптарын бұзса, Әдеп жөніндегі кеңес сол шенеуліктің тәртіптік ісін қарайды.Әдеп жөніндегі кеңестермен мәселелерді қарау қорытындысы бойынша енгізілген 207 ұсынымның 95 пайызы орындалған. Осы ретте ұсынымдар бойынша тәртіптік жауапкершілікке 344 мемлекеттік қызметші тартылды, соның ішінде 54 пайызы - қызметтік әдеп талаптарын бұзғаны үшін.