Биыл Қазақстанда 800-ден аса елді мекенді су басуы ықтимал - ТЖК

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанда 800 елді мекенде су деңгейі көтерілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлім етті.

Биыл Қазақстанда 800-ден аса елді мекенді су басуы ықтимал - ТЖК

«Бекітілген жоспарға сәйкес, су басуы мүмкін аумақтар айқындалды. Көктемгі кезеңде еліміз бойынша 807 елді мекенді су басуы ықтимал. Осы тұрғыда 1 млн. 250 мың адам тұратын аймақтар қамтылуы мүмкін. Бұл жосапрға сәйкес, тәуекелді аймақтар айқындалды», - деді комитет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде жергілікті атқарушы органдар қауіпсіз жерге көшіру орындарын даярлап қойды.

Айта кетейік, барлық деңгейдегі әкімдіктер төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның 276 отырысын өткізді. Сондықтан да өткен жылдағы жағдай қайталанбайтын болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, еліміз бойынша Қазгидрометтің алдын ала болжамына тоқталатын болсақ, әсіресе, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында биыл көктемде қар суының елеулі көлемі болжанып отыр.

Сонымен қатар тасқын суға қатысты қауіп Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында да болуы ықтимал. Себебі, өзен бассейіндері мен Жетісу және Іле Алатауы жоталарында жиналған қардың деңгейі өткен жылға қарағанда 1,5 есеге артық болып отыр.

Күн күрт жылынған жағдайда су басу басу қаупі Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы Есіл, Нұра, Сарысу жағасында орналасқан елді мекендерінде туындауы мүмкін.