Биыл Қазақстанда бункерлік салмақта 13,6 млн. тонна астық жиналды

АСТАНА. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ағымдағы жылғы Қазақстанда бункерлік салмақта 13,6 млн. тонна астық жиналды.

Биыл  Қазақстанда бункерлік салмақта 13,6 млн. тонна астық жиналды

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті.

Өткен 9 айдың қорытындысында еліміздің аграрлық саласының тұрақты даму қарқынын сақтағандығын атап өткен ол: «Астықтың бункерлік салмақтағы жалпы түсімі 13,6 млн. тоннаны құрады. Өткен жылдан қалған астықты есепке алғанда бұл көлем ішкі нарықтың қажеттілігін толық қанағаттандыруға әрі орташа жылдық экспорттық әлеуетті сақтап қалуға жеткілікті. Өткен айлардың өзінде біз нарықтарға 2,2 млн. тонна астық, оның ішінде 42 пайызын ұн ретінде шығардық», - деді.

А. Күрішбаевтың айтуына қарағанда, ағымдағы жылы майлы дақылдардың түсімі - 788 мың тонна болады деп күтілуде. Бұл тұтынудың ең төмен нормаларына сәйкес еліміздің өсімдік майымен өзін-өзі қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді. Ал күріштің жалпы түсімі - 415 мың тоннаны құрап отыр. Бұл да ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жеткілікті. «Картоп пен көкөністердің де өндіріс көлемдері оларды салу және сақтауды ұйымдастырған жағдайда ішкі қажеттіліктер үшін жеткілікті болады», - деп түйіндеді сөзін министр.