Биыл Қазақстанда сатылған ескі көліктердің үлесі қанша
«Есепті кезеңде әкімшілік полиция органдары 1 093 297 автокөлікті тіркеді. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 12,6 пайызға артық. Оның ішінде 1 019 718-і екінші рет тіркелгендер үлесінде, яғни бір адамнан екінші адамның атына ауыстырылған көліктер санатына жатқызылды. Өсім 2018 жылмен салыстырғанда 11,9 пайызға жетті. Ал алғаш рет тіркелген көлік құралдарының саны 73 579-ды құрады. Ол өткен жылғыға қарағанда, 23,3 пайызға жоғары», - деп атап көрсетілген хабарламада.
Қазақстанда электромобильге деген сұраныс 2,1 есеге төмендеген. Биылғы қаңтар-қыркүйекте еліміз аумағында 21 электромобиль тіркелген екен.
«ҚазАвтоӨнеркәсіптің» хабарлауынша, есепті кезеңде қайта тіркелген көліктердің үштен екісінің астамын (69,5 пайызы) пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер қамтыған.
Атап айтқанда, 20 жылдан асқандардың үлесі 426 959 (41,9 пайыз) болса, 11-ден 20 жылға дейінгілер 27,6 пайызды (281 257 көлік) құрады. Ал 4-тен 7 жылға дейін – 209 301 (20,5 пайыз), 8-ден 10 жылға дейін – 60 874 (6 пайыз), 1-ден 3 жылға дейінгі көліктер саны 35 559-ға (3,5 пайыз) жетті. Сонымен қатар, пайдалану мерзімі 1 жылға жетпеген көліктердің үлесі 0,6 пайыз (5 768 көлік) болды.
«ҚазАвтоӨнеркәсіп» мәліметінше, келісімшарт рәсімдеріне қарағанда, отандық автопарктің ескіруінің үрдісі орын алғаны байқалып отыр.