Биыл Қазақстанда жаңа көліктерге деген сұраныс қандай
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдың 2 айында Қазақстанда 200 мыңнан астам автокөлік тіркеуге қойылды. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Есепті кезеңде әкімшілік полиция органдары тіркеуге 215 640 автокөлікті қойды. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 14,9 пайызға артық. Оның ішінде 203 856-сы екінші рет тіркелгендер үлесінде, яғни бір адамнан екінші адамның атына ауыстырылған көліктер санатына жатқызылды. Өсім 2018 жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға жетті. Ал алғаш рет тіркелген көлік құралдарының саны 11 784-ті құрады. Ол былтырға қарағанда, 17,5 пайызға жоғары», - деп атап көрсетілген таратылған мәліметте.
Биылғы қаңтар-ақпанда Қазақстан аумағында 2 электромобиль тіркелген екен.
«ҚазАвтоӨнеркәсіптің» хабарлауынша, есепті кезеңде қайта тіркелген көліктердің үштен екісінен астамын (71 пайызы) пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер қамтыған.
Атап айтқанда, 20 жылдан асқандардың үлесі 88 206 мың (43,3 пайыз) болса, 11-ден 20 жылға дейінгілер 27,7 пайызды (56 379 көлік) құрады. Ал 4-тен 7 жылға дейін - 40 225 (19,7 пайыз), 8-ден 10 жылға дейін - 12 014 (5,9 пайыз), 1-ден 3 жылға дейінгі көліктер саны 6 875-ке жетті. Сонымен қатар, пайдалану мерзімі 1 жылға жетпеген көліктердің үлесі 0,1 пайыз (157 көлік) болды.
Келісімшарт рәсімдеріне қарағанда, отандық автопарктің ескіруінің тұрақты үрдісі байқалуда.