Биыл Қазақстанда жол апатынан 300-ден аса адам опат болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статитиска және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, республика бойынша 2015 жылдың қаңтар және ақпан айларында 2351 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркелді.
Бұл ретте, ЖКО салдарынан 307 қаза болғандардың арасында 25-і кәмелетке толмағандар. Ал 2 951 жарақат алғандардың ішінде 452-і кәмелетке толмағандар. ЖКО-да ең көп қаза тапқандар саны Алматы (63 адам), Оңтүстік Қазақстан (47), Жамбыл (33) облыстарында тіркелді. Атап айтқанда, елді мекендерде -1859, халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда - 212, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда - 129 жол-көлік оқиғалары жасалған.
Ең қауіпті Алматы қаласының жолдары болып отыр, онда адамдардың опат болуына және жарақат алуына алып келген 720 ЖКО болды, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан - 331, Алматы - 246, Шығыс Қазақстан облыстарында - 195 ЖКО болған.
Статистика көрсетіп отырғандай, жол апаттарының себептері өзгеріссіз күйінде қалып отыр. Бұрынғысынша ЖКО көбінесе Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілердің кінәсінен орын алуда. Мәселен, жүргізушілердің кінәсінен 2203 жол апаты болған.