Биыл қазақстандық кремнийден жасалған күн энергетикасы өнімдері шетелге шығатын болады

Бұл туралы Парламент Cенатының жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.
Тоқтала кететін жайт, «Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің Жарғысын ратификациялау туралы» құжатты талқылау барысында сенатор Ақан Бижанов Қазақстанда кремнийдің жеткілікті екенін, дәл осы шикізат арқылы кезінде Сингапур елі де біршама дамығанын айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, кремний негізінен күн электр энергиясын алуда белсенді түрде қолданылады. «Ендеше перспектива қайсы? Бұл бағытта арнайы бағдарлама, жоба бар ма?», - деп сұрады сенатор.
Өз кезегінде Әсет Исекешев жаңартылатын балама қуаттың ішінде ең қымбаты күн энергиясы екенін жеткізді. Сондықтан да, жақын жылдардың болжамында Қазақстанда күн энергетикасына қарағанда жел энергетикасының перспективасы зор саналады. «Дегенмен, күн энергетикасы бағытын дамытудың өзіндік перспективасы да жоқ емес. Жалпы «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ арнайы бағдарламасы бойынша қазақ-француз ғалымдары бірлесе отырып, электростансаларға арналған күн сәулесі энергиясының плиталарын әзірлеген болатын. Бұл қазақстандық кремнийден жасалды. Бұл зауыттың алғашқы бөлігі былтыр желтоқсанда Астанада іске қосылды. Екінші бөлігі Өскемен қаласында ағымдағы жылдың маусым айында іске қосылатын болады. Менің ойымша, биылғы жылдың екінші жартысында қазақстандық кремнийден жасалған күн энергетикасы өнімдерін шетелге шығаратын боламыз», - деді министр.