Биыл қазақстандық түлектердің 80 пайызы Ұлттық бірыңғай тест сынағын тапсырады

АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарт /Гүлнәр Жандағұлова/ - Қазақстанда 2010 жылы Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға берген өтініштеріне сәйкес 138 012 мектеп бітірушінің 110 000 мыңнан астамы, яғни 80 пайызы сынақ тапсырады. Тестілеу 49 қала мен 105 аудан орталықтарында құрылған 154 тестілеу қосындарында маусымның 4-і мен 10-ы аралығында өткізіледі.
None
None

Ұлттық бірыңғай тест 5 пән бойынша: оқыту тілі (қазақ немесе орыс), Қазақстан тарихы, математика, таңдауы бойынша пән, сондай-ақ орыс тілінде оқытатын мектептердегі - қазақ тілі, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі - орыс тілі пәндері бойынша өткізіледі.

Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны - 25 сұрақты құрайды; бес пән бойынша - 125; тестілеу уақыты - 210 минут, яғни 3,5 сағат.

Биылғы жылғы мектеп бітірушілер үшін мемлекеттік грант конкурсына қатысу және республикамыздың жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін шекті деңгей 50 балға дейін (медициналық мамандықтар үшін - 55 балға дейін) көтерілді.

ҰБТ-ның балын аттестаттың бағасына ауыстыру шкаласы өзгерді. Егер мектеп бітіруші 0-3 балл жинаса «қанағаттанарлықсыз» бағасы қойылады, ал 4 балл және одан жоғары балл жинаса - оң баға болып табылады.

«Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дұрыс жауаптар коды мемлекеттік құпиялар қатарына жатқызылған.

Бір лектегі тестіленушілер саны 800 адамға дейін азайтылды. Егер де техника істен шыққан жағдайда жергілікті жерлерде оларды алмастыратын болады. Әрбір облыс орталықтарында резервтер қарастырылады.

Тест тапсырмаларын бағалау кезінде бірыңғай талаптарды сақтау және даулы мәселелерді шешу, ҰБТ-ға қатысушылардың құқықтарын қорғау мақсатында тестілеуді өткізу кезеңінде апелляцияларды қарау жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі - республикалық апелляциялық комиссия) және әрбір ҰБТ-ны өткізу пунктінде апелляциялық комиссия құрылады.

Республикалық апелляциялық комиссия апелляциялық комиссияның бітірушіге балдар қосу туралы ұсыныстарының негіздемесін қарайды және соңғы шешім қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар