Биыл Қазақстаннан қажылыққа 5 мың адам барады

АЛМАТЫ. 16 шілде. ҚазАқпарат - Биыл Сауд Арабиясы Қазақстанға қажылыққа 5 мың квота бөлді. Бұл жайлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орталық Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі бүгін Алматыда қасиетті Рамазан айына арналған баспасөз мәслихатында айтты.

Биыл Қазақстаннан қажылыққа 5 мың адам барады

«Біз жылда қажылық маусымы біткеннен кейін бүкіл туристік фирмаларды шақырып, нәтижесін шығарамыз. Сондай-ақ қажылық аяқталған соң Сауд Арабиясының Қажылық министрі мені шақырып, Қазақстандағы алдағы кезеңдегі қажылықты ұйымдастыру мәселесін талқылайды. Қажылыққа қанша квота сұрайсыздар дегендей. 25 сәуір мен 1 мамыр аралығында Меккеде болдым», - деді Әбсаттар Дербісәлі.

Бас мүфтидің айтуынша, биыл Қазақстан 5 мың квота сұраған. Осы арада кейбір жамаған квоталар тегін таратылады деп ойлайды, ол қате түсінік. 5 мың квота, яғни Сауд Арабиясы қажылыққа Қазақстаннан 5 мың адамды қабылдайды деген сөз. Жалпы Қазақстаннан 1994 жылы қажылыққа 170 адам барса, былтыр бұл сан  4097 адамды құрады. Ал  жатын орын, ас-су, көлік мәселесімен әлемдік тәжірибе бойынша туристік фирмалар айналысады. Сауд Арабиясында қажылық кезінде бір қаладан екінші қалаға бару үшін қажылар жергілікті туристік фирмаларға тіркеледі.