Биыл Қазақстанның бидай экспорты 7 млн. тоннадан кем болжанбайды - А. Мамытбеков
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы жалпы бидай көлемі тазартылғаннан кейін шамамен 17,6 млн. тоннаға болжанады. Бұл бидайға экспорттық әлеуетті жеті миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгін Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлімдеді.
«Жазғы уақыттары өңірлерде жауын-шашын нормадан әлдеқайда көп түсіп, күн салқындау болды. Әрине, жазда жауын-шашын керек, алайда төменгі температура мен күн қызуының жетіспеушілігі астық дақылдарының толық пісіп жетілуіне мүмкіндік бермеді. Сосын биылғы жылдың күзгі уақытында да жауын көп болды, жиын-терімді қиындатып тастады. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының жекелеген аудандарында жиын науқаны әлі күнге жалғасуда, Ақмола облысындағы екі аудандағы күзгі жұмыс аяқталуға жақын», - деді Асылжан Мамытбеков.
Оның айтуынша, әкімдіктердің алдын ала мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күні еліміз бойынша 14,5 млн. гектарда алаңда немесе егін алқабының 96,5 пайызында астық дақылдары жиналды.
«Бастырылған бидай шамамен бункерлік салмақта 18,3 млн. тоннаны құрады, әр гектардан егін түсімі 12,6 центнерді құрап отыр. Ал майлы дақылдар егістік алқабының 64 пайызынан жиналды, жиналған бақша өнімдері мен картоп 99,6 пайызды құрады. Бұл ретте көкөніс дақылдары былтырғы деңгейден гектарына 12 центнерге артық, ал картоп гектарына 15,9 центнерге артық», - деді А. Мамытбеков.
Сонымен қатар, министр ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жиын терім барысында мейлінше жақсы көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, шығын бүгінгіден әлдеқайда көп болуы ықтимал еді.
«Салыстыру ретінде айтсақ, былтырғы жылы биылғыдан жағымды ауа райына қарамастан егін алқабының 99,6 пайызы жиналған еді. Ендеше айырма соншалықты үлкен емес, бұл егістік басында жүрген шаруалардың ерен еңбегі. Ағымдағы жылы жалпы бидай көлемі тазартылғаннан кейін шамамен 17,6 млн тоннаға болжанады. Бұл бидайға экспорттық әлеуетті жеті миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді», - деді А. Мамытбеков.