Биыл Қазақстанның энергетика саласына 178 млрд теңге инвестиция жоспарланады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алты жыл ішінде Қазақстанның электр энергетикасына 700 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында мәлім болды.
Үкімет сағаты барысында баяндама жасаған Энергетика министрі Владимир Школьниктің айтуынша, соңғы алты жылда шекті тариф бағдарламасын жүзеге асыру барысында электр энергетикасы саласына жыл сайынғы инвестиция ауқымы 5 есеге артқан.
«Бүгінгі күні бұл көрсеткіш алты жыл бойынша 700 млрд теңгенің инвестицияланғанын көрсетіп отыр және осының арқасында 5 мың мВт құрайтын қолданыстағы қуат нысандары жаңғыртылса, 1700 мВт құрайтын электр желілерінің нысандары жаңартылды. Осының өзі экономиканың электр қуатын тұтынуын тұтастай жауып отыр. Жалпы, 2009-2015 жылдар аралығында қосымша енгізілетін қуат шамамен 3 300 мВт құрайтын болады», - деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, 2015 жылы энергетика саласына жоспарланып отырған инвестиция көлемі 178 млрд теңгені құрамақ.