Биыл Қазақстанның қай өңірлеріне ауыз су құбыры жүргізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстанның бірақатар елді мекендеріне ауыз су жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайтынан мәлім болды.

Биыл Қазақстанның қай өңірлеріне ауыз су құбыры жүргізіледі

Министрлік таратқан мәліметтерге қарағанда, 2021 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Талап су құбырының құрылысы аяқталмақ. Оның жалпы құны - 5 932,3 млн.тенге. Аталмыш құрылыс аяқталған соң өңірдегі 9 ауылға су жеткізу жұмыстары жақсарады, ал 19,7 мың адам тұратын 3 ауыл ауызсумен қамтылады.

Сондай-ақ биыл Солтүстік Қазақстан облысында Преснов топтық су құбыры (ІІ кезең) қайта жаңартылып жатыр. Жобаның жалпы құны - 4 699,6 млн.теңге. 2021 жылы ол пайдалануға берілсе, өңірдің 16 мың адам тұратын 17 ауылына су беру жақсарады.

Министрлік 2022 жылдың соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған үш жобаны аяқтауды жоспарлап отыр.

«Үкіметтің тапсырмасымен министрлік бұрын басталып, аяқталмаған жобаларды қолға алды. Біз 2019 жылы 3 магистральді су құбырын қолданысқа бердік, биыл – 1 су құбырын, ал 2022 жылға дейін тағы 3-еуі пайдалануға беріледі. Бұл 210,6 мың адам тұратын 39 ауылды сумен қамтиды», - деді Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев.

Айта кетейік, бүгінде қалалардың 97,2%-ы, ал ауылдардың 86,4%-ына орталықтандырылған су тұтынады. 5 жыл ішінде елде 3 мың шақырым топтық су құбырлары салынады. Осылайша, ауыз сумен қамту 100%-ға жетеді.