Биыл Қазақстанның кейбір электр стансаларында көмір мен мазут қоры былтырғыдан аз - Үкімет

Бұл туралы селекторлық режимдегі Үкімет отырысында Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев мәлім етті.
Оның сөзінше, жалпы жылу беру маусымын бастауға қажетті энергия кәсіпорындарының жабдықтарын дайындау шаралары аяқталған. Атап айтқанда, қазан айнның басында 8 энергия блогында, 41 қазандықта, сондай-ақ 18 турбинада тиісті жұмыстар аяқталған екен. Ал 1 блокта, 7 қазандық пен 19 турбинада түрлі деңгейдегі жұмыстар кестеге сәйкес атқарылуда.
Белгілі болғандай, ағымдағы айдың басында қоймаларда 5 млн. тонна көмір жинақталған. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 37 пайызға артық. Алайда, жинақталған мазут көлемі былтырмен салыстырғанда 10 пайызға төмен болып шықты. Оның биылғы қоры 95,6 мың тонна деңгейінде екен.
Сөз соңында вице-министр сонымен қатар кейбір электр стансаларында көмір қоры өткен жылға қарағанда төмен екенін жеткізді.