Биыл кезекте тұрған қанша елордалық баспаналы болады
Биыл елордада баспана кезегінде тұрған 5 993 отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл туралы Астана қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы, бүгінде 46 267 азамат баспана кезегінде тұр. Олар: көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мемлекеттік қызметшілер, халықтың әлеуметтік осал топтары, жалғыз баспанасы апатты деп танылған адамдар. Жыл басынан 1 942 азамат кезекке қойылып, кезектен 2 975 адам алынды. Әлеуметтік көмек көрсету аясында 277 тұрғын үй сертификаты берілді. Баспананы несиеге алу үшін бастапқы жарнаға төлеуге арналған оның мөлшері 1,5 млн теңгені құрайды. Биыл 5 993 пәтер беру жоспарымызда бар. Оның ішінде 1 710 пәтер несиеге беріледі. Қаржыландырудың болмауына байланысты 2 нысан келесі жылға ауыстырылуы мүмкін. Пәтерлердің бір бөлігін Отбасы банкі арқылы сатпақпыз. Бағыстан тұрғын үй кешенінен 400-ден астам пәтерді жыл соңына дейін береміз», - деді ол Астана қалалық мәслихатында.
Оның атап өтуінше, биыл жұмыс істейтін жастарға 2 194 пәтер беру көзделген. Мұнан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 889 пәтер беріледі. Оның ішінде 320 көпбалалы отбасы, 320 жетім бала баспаналы болады.
«2 жыл қатарынан Отбасы банкімен бірге «Елорда жастары» бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатыр. Биыл 200 өтінімді іріктеп алдық. Қазір құжаттарды рәсімдеу процесі жүріп жатыр», - деді Әнуар Саипов.