Биыл Көкшетауда жылу 20-шы қыркүйекте берілуі мүмкін
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетау қаласында сынап бағанасы күрт төмендейтін болса, шаһарда жылу беру маусымы 20-шы қыркүйекте басталуы мүмкін. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Сергей Жуков айтты.
Коммуналдық кәсіпорын басшысының айтуынша, қазіргі кезде облыс орталығын жылумен қатамасыз ету бағытында көмір мен мазут жеткізу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.
«Қазіргі кезде 20 мың тонна көмір қоры бар. «Богатырь көмір» жеткізіп берушілермен келісімшарт жасалып, көмір кестеге сай жеткізілуде. Яғни, жылу беру маусымы басталған кезде екі айлық отын қоры болады. Мазут қоры да бар, қалғанының ақшасы төленген, жеткізілуін күтіп отырмыз. Барлық жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Жергілікті қазандықтарда былтырғы жылдың көмірі де бар», деп түсіндірді ҚазАқпарат тілшісіне Сергей Жуков.
Сонымен қатар, ол Көкшетаудағы көптеген пәтерлердің жылу беру маусымына 100 пайыз дайын екенін айтты. Мектеп, балабақша және аурханалар тәрізді әлеуметтік нысандар бір ай бұрын әзірленді.
«Магистральды желілер суға толтырылды РК-1, РК-2, Көкшетау-2 және Красноярдағы қазандықтардың іске қосылуы күтілуде. Рұқсат болса, бірден қосамыз. Шамамен сынап бағанасы күрт төмендесе 20-шы қыркүйек немесе одан да ерте жылу берілетін болады.
Қазіргі кезде, жылу беру жұмыстары климатологияның жаңа ережесі бойынша сыртқа ауа температураға сәйкес жүзеге асырылады. Жалпы, кесте бойынша қыркүйектің 28-і күні жылу беру маусымы басталуы тиіс. Егер де сыртқы температура үш тәулік бойы 8 градус болса, онда ерте жылу беріледі», деп толықтырды С. Жуков.
Кәсіпорын басшысы биылғы жылу маусымына дайындық бойынша, қазандықтар мен жылу желелерін жөндеуге, отын сатып алуға 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 500 миллион теңгесі жылу желілерін жөндеуге жұмсалды.