Биыл Қостанай облысында жолдарды күтіп ұстауға 1,5 млрд теңге бөлінген
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Биыл Қостанай облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстауға 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы өңір әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға биыл облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Жол басқармасы 2022 жылдың соңына дейін 11-ші мердігерлік жол ұйымдарымен облыстық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстау жөнінде шарттар жасасты. Облыста жергілікті желінің автожолдарына қызмет көрсету үшін барлығы 269 бірлік қар тазалау техникасы бар.
Әрі қарай селекторлық кеңесте «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылу барысын қарастырдық. Жалпы, 2019-2021 жылдар аралығында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 142,6 мың адам тұратын 35 ауылда 14,4 млрд теңгеге 214 жоба іске асырылды. Биыл облыстың 38 тірек және спутниктік ауылдарында 80 жобаны іске асыруға 7 млрд 543 млн теңге қарастырылып отыр. Бүгінгі таңда 65 жоба аяқталды, 8 жоба аяқталу сатысында. Тағы 3 жоба жыл соңына дейін аяқталады. Ал қалған жобалар келесі жылға ауысады», - деп жазды облыс әкімі Instagram-парақшасында.
Өңір басшысының мәліметінше, селекторлық кеңесте жылыту маусымына қатысты мәселелер де талқыланған. Бүгінде облыстағы барлық нысандар жылумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Қараша айындағы дерекке сәйкес, өңірде 401,8 мың тонна көмір қоры дайындалған.