Биыл Қостанайдағы 43 ауыл сумен жабдықталады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай облысында жыл соңына дейін 43 ауыл ауыз сумен қамтылады. Бұл туралы аймақ әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Президенті 5 жыл ішінде қалалар мен ауылдарды 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін басым міндет. Сумен қамтамасыз етуге 22 млрд теңге бөлінді, бұл көрсеткіш 16,5%-ке артты», - деді Қ. Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Әкімнің айтуынша, жыл соңына дейін 43 ауылды, шамамен онда тұратын 43,5 мың адамды сумен қамту және жақсарту жоспарлануда.
«Нәтижесінде, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауыл тұрғындарын сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 80,4%-тен 87%-ке дейін артады», - деді Құмар Ақсақалов.

Әсіресе, биыл Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелдин аудандарын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Облыстың осы өңірлерін дамытуға 23,1 млрд теңге бөлінді. Оның 3,7 млрд теңгесі сумен жабдықтау желілерін дамытуға жұмсалады.
Еске сала кетейік, бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов елордада 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму жөнінде есеп берді.