Биыл күріш егістіктері 8,7 мың гектарға азайған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл дақылдар 1,4 млн гектар суармалы егіс алаңында өсірілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Үкіметтің әкімдіктермен бірлесіп қабылдаған шаралары, сондай-ақ ауа райының қолайлы болуы суармалы жерлерде айтарлықтай шығындарсыз астық өсіріп, жинауға мүмкіндік берді. Биыл дақылдар 1,4 млн гектар суармалы егіс алаңында өсірілді. Оның негізгі үлесі, яғни 75,8 пайызы немесе 1,1 млн гектар әлі де жерүсті әдісімен суарылады. Суарудың бұл әдісі фермер үшін арзанға түседі, бірақ су пайдалану бойынша ұтымсыз болып отыр. 18,3 пайыз немесе 268 мың гектарда су үнемдеу технологиясы қолданылды», - деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, суармалы жерлерде дәнді, майлы, көкөніс-бақша дақылдары, жем-шөп, мақта, картоп, күріш, қант қызылшасы өсіріледі. Осы орайда негізгі үлесті бидай мен арпа, сондай-ақ мақта мен күріш сияқты алады.

«Осы орайда облыс әкімдіктері жоғары тиімді дақылдарға және су үнемдеу технологияларына көшу жұмыстарын жандандыруы қажет. Атап айтқанда, суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту жжұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл басқа да тиімді дақылдарға көшу есебінен күріш алаңы 2021 жылмен салыстырғанда 8,7 мың гектарға азайды. Оның ішінде Қызылорда облысында 5,3 мың гектар, Түркістан облысында - 2,9 мың гектар және Алматы облысында 0,6 мың гектарға қысқарды», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Экология министрлігі мен әкімдіктерге каналдар мен су қоймаларын қалпына келтіру жұмыстарын күшейтуін тапсырды.


Ашық көздерден алынған фото

Соңғы жаңалықтар