Биыл күзде конференцияда қазақ күресінің жаңа атауы талқыланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл күзде қазақ күресінің атауын өзгерту бойынша ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев мәлім етті.

Биыл күзде конференцияда қазақ күресінің жаңа атауы талқыланады

«Қазақ күресінің атауын өзгерту бойынша қызу талқылаулар жүріп жатыр. Бұрындары бабаларымыз «жүр, қазақша күресейік» деп айтқан жоқ қой. Яғни, олар «белдесейік» немесе «күресейік» деп айтқан еді. Күресімізді әлемге кеңінен таратамыз десек, атауын өзгерткен дұрыс болар. Бұл тұрғыда мүмкін «белдесу» болатын шығар. Амандық болса, биылғы күзде үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз. Сол кезде ғалымдардың, тарихшылармен кеңінен талқылаймыз», - деді А.Шораев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Олимпиадалық ойындардың бағдарламасына енгізу бағытында «қазақ күресі» деп кіргізу өте қиын. Себебі, бұл тұрғыда өзбектердің және қырғыздардың күресі шығады. Сонымен қатар атауды өзгертудегі басты себеп - ұлттық күрестің бұрынғы тарихи атауына қайтып келу.