Биыл қымбат дәрілердің бағасы көтерілмейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл қымбат дәрілердің бағасы көтерілмейді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте Денсаулық сақтау вице министрі Ерік Байжүнісов мәлім етті.
«Халықаралық тәжірибеде дәрі бағасы мен дәрілік құралдарының сапасы ұлттық қауіпсіздік жүйесіне жатады. Сондықтан да өткен жылы біз Бәсекелестікті қорғау агенттігінің бастамасымен Денсаулық сақтау министрлігінің құзіретін қайта қарадық. Алдағы уақытта мемлекет тарапымен сатып алынатын барлық дәрі түрлерінің бағасын министрлік реттейді. Жалғыз дистрибьютер «СҚ Фармация» компаниясы дәрі-дәрмектің 900-ден астам түрін сатып алады. Оған Денсаулық сақтау министрлігі тарабынан баға қатаң белгіленген. Сонымен бірге аталған дәрілердің барлығы да өткен жылы сатып алынды. Сондықтан 2014 жылы стационарлық әрі амбулаторлық деңгейде баға өспейді. Яғни, онкологияға, қант диабетіне, гемофилияға қарсы қымбат дәрілердің бағасы көтерілмейді», - деді вице-министр.
Оның атап өтуінше, «СҚ Фармация» компаниясы өткен жылы 90 миллиард теңгеден астам сомаға дәрі сатып алған. Ал олардың бағасында қандай да бір өзгеріс орын алатын болса, оны Денсаулық сақтау министрлігі қарастыратын болады.