Биыл қыста Қазақстан жолдары 771 мәрте жабылған

«Статистика деректеріне сәйкес, елімізде биылғы бірінші тоқсанда жол-көлік оқиғалары мен онда жараланған азаматтар саны (1%), оның ішінде республикалық жолдарда және елдімекендерде (тиісінше 2% және 4%) төмендегені байқалады. Қысқы кезеңнің басынан бері еліміздің автожолдарында 771 қозғалыс шектеуі енгізілді, оның ішінде 110 шектеу – көктайғақ себебінен салынған» деп жазады Ә. Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.
Үкімет басшысы қысқы кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданған шараларды атап өтті.
«Қыс мезгілінде үздіксіз және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 96 мың шақырым жолға, оның ішінде 25 мың шақырымға жуығы – республикалық маңызы бар және 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарға қызмет көрсетіледі. Барлығы 1,3 мыңнан астам жол-эксплуатациялық техника бар, өткен қысқы кезеңде күн сайын 600-ге жуық техника пайдаланылған. Автожолдарды тиісті жағдайда ұстау, соның ішінде жол жиектерін және жүру бөлігін тазарту, қардан қорғайтын траншеялар мен қалқандарды және көктайғақ пайда болған учаскелерде инертті материалдарды (тұз, құм, елек және басқа) пайдалану жұмыстары жүйелі негізде жүргізіледі», - деді Ә. Смайылов.
Оның айтуынша, халықты ауа райының нашарлауы туралы ақпараттандыру мақсатында «112» шұғыл нөмірінен тиісті смс-хабарламалар жіберіледі.
«Қысқы кезеңге дайындық бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес, өндірістік базалардың дайындығы пысықталды (қазандықтар, жылыту пунктілері, гараждар және басқа), қауіпті учаскелерде уақытша жол белгілері орнатылды, қар басатын кей учаскелерге (ұзындығы 3 мың км) жауапты тұлғалар мен қажетті жол техникасы бекітілді», - деді Премьер-министр.