Биыл Қызылорда күні ерте аталып өтіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қызылорда күні ерте аталып өтіледі. Бұл туралы бүгін қала әкімінің орынбасары Нұрхан Жалиев мәлімдеді. Қала күнін тойлау қыркүйек айының 23-24 жұлдызына жоспарланған.
Әкім орынбасарының айтуынша, мерекелік іс-шаралар Сыр жұршылығының және қала қонақтарының көңілінен шығатындай, деп жазады kyzylorda-news.kz.
Сонымен, әдеттегідей қала күні қарсаңында бірнеше әлеуметтік нысандар іске қосылады. 23-қыркүйекте жастар арасында футболдан өтетін турнир қортындыланады. 24-і күні өтетін негізгі мерекелік шаралар екі бөлімнен тұрмақ. Бірінші бөлімінде қала жұршылығы «Сыр сүлейлері» аллеясы бойында өтетін қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалай алады. Осы жерде ұлттық тағамдар дайындаудан байқау және шұбат фестивалі ұйымдастырылмақ.
Мерекелік кештің екінші бөлімі орталық алаңда жалғасады. Дәстүр бойынша мұнда спорттық жарыстар, қала тарихынан сыр шертетін ретро-көрме, батпырауық фестивалі өтеді. Қала көркіне көрік қосқан жаңа субұрқақтың ашылуы да дәл осы күнге жоспарланған.
Кішкентай қызылордалықтар үшін театрланған «Ертегілер елінде» көрінісі, балалар алаңы және велосипедпен жарысу ойындары өткізілу жоспарлануда.
Мереке гала-концертке ұласып, мерекелік отшашумен қортындыланбақ.
Еске сала кетсек, қала тарихы Ақмешіт деп аталған кезеңнен басталады, ол 1820 жылы Қоқан хандығы кезінде Сырдария бойында алғаш қорған ретінде салынған.