Биыл «Мәдени мұра» бағдарламасының басты қорытындылары Елбасының қатысуымен Қоғамдық кеңес отырысында талқыланады

ТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биыл «Мәдени мұра» бағдарламасының басты қорытындылары Елбасының қатысуымен Қоғамдық кеңес отырысында талқыланады.

Биыл «Мәдени мұра» бағдарламасының басты қорытындылары Елбасының қатысуымен Қоғамдық кеңес отырысында талқыланады

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.

«Мәдени мұра» бағдарламасының басты қорытындылары Мемлекет басшысының қатысуымен үстіміздегі жылдың желтоқсанында өтетін Қоғамдық кеңестік кеңейтілген отырысында талқыланатын болады. Онда үш министрліктің басшылары тиісті баяндамасын жасайды», - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, 2004 жылы Елбасының бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы тарихи-мәдени мұраның үлкен бір бөлігін жүйеге келтіріп, оны айналымға түсіруге мүмкіндік берді. Осы кезең ішінде 40 археологиялық және 26 ғылыми-қолданбалы зерттеу жүргізілді. Олардың барлығы ғылымға мыңнан астам артефактілер берді. «Мәдени мұра» аясында Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне жасалған ғылыми-іздестіру экспедицияларының нәтижесінде елімізге қазақ халқының 5 мыңнан астам тарихына, этнографиясына, өнеріне қатысты аса құнды мұрағат құжаттары қайтарылды.

Тарихымызға және мәдениетімізге аса маңызды 73 ескерткіш қайта қалпына келтірілді.