Биыл Маңғыстау облысында еңбек заңнамасы 689 рет бұзылған
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Маңғыстау облысындағы кәсіпорындарда еңбек заңнамасын бұзудың 689 фактісі анықталды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұралы Баулыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, биыл өңірдегі кәсіпорындарға мемлекеттік еңбек инспекторлары 332 тексеру жұмысын жүргізді.
«Тексеріс нәтижесінде жыл басынан бері 689 заң бұзушылық анықталды. Оның 410-ы еңбек қатынастарына қатысты, 269-ы қауіпсіздік және еңбекті қорғауға және тағы 10-ы халықты жұмыспен қамту бойынша. Мемлекеттік еңбек инспекциясы заң бұзған кәсіпорындарға 5,7 млн теңге көлемінде 37 әкімшілік айыппұл салды», - деді Нұралы Баулыбаев.
Сондай-ақ, биыл облыс аумағындағы кәсіпорындарда 31 жазатайым оқиға тіркелген. Осыған орай, басқарма арнайы коммиссия құрып, тексеріс жұмыстарын ұйымдастырды.
«Маңғыстау облысының кәсіпорындарында барлығы 31 жазатайым оқиға тіркеліп, 33 адам зардап шеккен. Оның 31-і ауыр жағдайға тап болса, 2-уі мерт болды. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 11,4% төмен», -деді Нұралы Баулыбаев.
Айта кетейік, жыл басынан бері аймақтың 57 кәсіпорнында ҚР Еңбек кодексінің соңғы өзгерістері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алайда кейбір кәсіпорындар еңбек инспекторының нұсқамасымен келіспей, жыл басынан бері 28 сот отырысы өтті.