Биыл машина жасау саласында 217 млрд теңгеге 29 жоба іске асырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл машина жасау саласында 217 млрд теңгеге 29 жоба іске асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Басты назар машина жасау саласындағы жаңа жобаларға аударылуда. Осы ретте, 2028 жылға дейін 1 трлн 700 млрд теңгеге 151 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде биылғы жылы 217 млрд теңгеге 29 жобаны іске асыруды көздеп отырмыз. Жоспарланған жобалардың ішінде Ресей, Қытай, Өзбекстандағы серіктестермен іске асыратын біріккен жобалар да бар. Мәселен, Өзбекстанмен бірлесе отырып, автомобиль өндірісі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, тұрмыстық техника мен лифт жасау бойынша да жобалар іске асырылуда», - деді ол.
Мұнан бөлек, Марат Қарабаевтың дерегінше, ресейлік серіктестермен алюминийден жасалған дисктер, сондай-ақ, теміржол машина жасау секторына арналған құрамдауыш бөлшектер өндірісі ұлғайтылады. Қытайлық инвесторлар бұрғылау қондырғыларының және ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін дамытуға қолдау көрсететін болады.