Биыл медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметі 2023 жылы атқарылатын істер туралы жоспарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Үкіметінің Telegram каналында жарияланған мәліметтерге қарағанда, 2023 жылы төмендегідей жұмыстар жүзеге асырылады.
Денсаулық сақтауды дамыту
– шалғай ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жылжымалы медициналық кешендер кеңінен қолданылады, бұл 1,5 млн ауыл тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді;
- Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырыла бастайды;
- медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады;
- орташа жалақы артты: дәрігерлерге – 30%-ға 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлеріне – 20%-ға 250 мың теңгеге дейін;
- Резидентурадағы гранттар саны 70%-ға ұлғайтылатын болады;
- Ғылыми-зерттеу компоненті бар екі көпбейінді клиниканың – Астанадағы 200 орындық Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының және Алматыдағы 350 орындық Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының құрылысын аяқталады.