Биыл мемлекеттік сатып алуға қатысты 18 мыңнан астам шағым түсті – Аудит комитеті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 9 айдың ішінде 32 мыңға жуық мемлекеттік сатып алу бойынша заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 10 трлн теңгеге жуық мемлекеттік сатып алу бойынша 475 мыңнан астам рәсім бейнебақылау камерасымен қамтылды. Соның нәтижесінде 32 мыңға жуық мемлекеттік сатып алу рәсімі бойынша заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 30 мыңға жуық іс орындалды», - деді Ержан Мыңжасаров ОКҚ-де өткен брифингте.
Комитет басшысының айтуынша, мемлекеттік сатып алу бойынша жұртшылықтың пікірі мен өтініші ерекше мәнге ие.
«Халық үніне құлақ асу мақсатында «Электрондық шағым» функционалы арқылы шағым қалдырудың оңайлатылған және тиімді тетігі енгізілді. Шағымдар тізілімі ашық әрі барлығына қолжетімді. Демек, бақылаушы органдар ғана ғана емес, жұртшылық та бақылай алады. Айта кетсек, биыл 9 айдың ішінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылардың әрекетсіздігіне қатысты 18 856 шағым қаралды», - дейді ол.
Спикердің мәліметінше, жоғарыда аталған шағымның 51,6%-ы ішінара немесе толық қанағаттандырылды.
«Осылайша, біз бизнес өкілдерінің заңды мүдделері мен конституциялық құқықтарын қорғаудамыз. Мемлекеттік сатып алу жүйесі тұрақты негізде жетілдіріліп жатыр. Атап айтсақ, электрондық тауарлар дүкені енгізілді. Сондай-ақ, камералдық бақылаудың сапасын бақылауды жүргізу тәсілі қайта қаралды. Қазіргі уақытта сапаны бақылау үздіксіз тәсіл арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, камералдық бақылау нәтижесінің сапасын бақылау қорытындысын орындаудың міндетті тәртібі белгіленді. Бұған дейін ұсынымдық сипатта болған», - деді Е. Мыңжасаров.
Айта кетсек, бұған дейін комитет басшысы ішкі мемлекеттік аудитқа қатысты заңбұзушылықтар туралы айтқан еді.