Биыл мұнай өндіру көлемі өткен жылғы деңгейде болады деп жоспарлануда - ҚР Мұнай және газ вице-министрі
АЛМАТЫ. 6 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда биыл мұнай өндіру мен оны экспорттау көлемі өткен жылғы деңгейде болады деп жоспарлануда. Бұл Алматыда өтіп жатқан 19-шы қазақстандық "Мұнай және газ" халықаралық конференциясында айтылды.
"Келешекте мұнай өндіру көлемі өседі деп болжануда. Мәселен, ол 2015 жылы 95 миллион тонна болса, ал 2020 жылы 130 миллион тоннаға жуықтамақ. Мұнай экспортының көлемі де жылына 71-72 миллион тоннаны құрайды деп жоспарланып отыр", - дейді Мұнай және газ вице-министрі Ляззат Қиынов. Мұнай өндіру көлемі 2010 жылы 80 миллион тоннаға жеткен болатын. Л. Қиыновтың айтуынша, Кеден одағы келісімі бойынша мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау тарифтері енді тараптардың шаруашылық субъектілері үшін мемлекеттік деңгейде тең жағдайда белгіленеді. Қазақстандық экспортерлар енді Ресей, Беларусь елдері аумағында орыстар мен белорустар қолданатын мөлшерлемені қолдана алады. Тасымал тарифтер әр елде ұлттық заңнама бойынша анықталатын болады.