Биыл мұнай өндіру көлемі төмендейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жыл мұнай өндіру көлемі төмендейді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл мұнай өндіру көлемі төмендейді

«2019 жылға арналған негізгі макрокөрсеткіштердің болжамын нақтылаудың негізгі факторлары 2018 жылға жалпы ішкі өнім дерегінің жариялануы, тау-кен өнеркәсібі мен қызмет көрсету секторының өсу қарқынының өзгерісі болып саналады. Мәселен, 2018 жылы жалпы ішкі өнім көлемі 58,8 трлн теңгені құрады. Бұл 2019 жылды бағалау үшін жақсы база болып табылады. 2018 жылмен салыстырғанда мұнай өндіру 1,4 млн тоннаға немесе 1,5 пайызға төмендейді. Бұл тау-кен өнеркәсібінің төменірек өсу қарқынын қалыптастырады»,- деді ол.

Алайда, министрдің айтуынша қызмет көрсету секторы бойынша неғұрлым жоғары өсім күтіліп отыр. Қызмет көрсету секторы өсімінің негізі ішкі сұраныстың ұлғаюы болып саналады. Сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, болжам аясында 2019 жылға арналған базалық параметрлер бұрын мақұлданған деңгейде сақталды. Яғни, мұнай бағасы бір барреліне 55 АҚШ доллары, теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 370 теңге, жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6 пайыз болып қалады.

«Сондай-ақ ауыл шаруашылығының, құрылыстың, сауданың, көлік және қоймалаудың өсу болжамы сақталды. Өнеркәсіп өсімі 1,6 пайызды құрайды. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі тау-кен өнеркәсібіне қарағанда көбірек өседі. Экспорт 54,4 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 0,3 млрд АҚШ өсті. Импорт көлемі 32,9 млрд АҚШ доллары деңгейінде сақталды. Дамудың жоғарыда аталған факторларын ескере отырып, 2019 жылға жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3,8 пайыз деңгейінде бағаланып отыр. 2019 жылға номиналды жалпы ішкі өнім 64,3 тлрн теңге көлемінде болжануда, бұл бұрынғы бағалаудан 323,5 млрд теңгеге артық. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9 409 АҚШ долларын құрайды», - деді Руслан Дәленов.