Биыл өндірістерде 78 адам мерт болды - министрлік

АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанда биыл  өндірістерде 78 адам мерт болды.

Биыл өндірістерде 78 адам мерт болды - министрлік

Бұл туралы бүгін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орайластырылған конференция барысында ҚР Еңбек министрлігі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Серікқали Бесақаев мәлім етті.  

«Елімізде қайғылы оқиғалардың ең биік деңгейі 2006 жылы тіркелді. Сол жылы өндірісте 470 адам опат болды. 2011 жылы 332 адам көз жұмып, бұл сан 29 пайызға азайды. Биыл бірінші тоқсанда 78 адам мерт болды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 7 пайызға төмен. Азайды екен деп қайғылы жағдайлардың алдын алуда қол қусырып, қарап отырмауымыз керек. Еуропа және әлемнің басқа да дамыған елдерімен салыстырғанда 1 мың адамға шаққанда өндірісте қайтыс болатындардың саны екі есе жоғары», - дейді ол.  

Оның айтуынша, 2005 жылға дейін адам шығыны көп болған ең қауіпті өндірістердің көшін тау-кен, металлургия саласы бастаған болса, қазіргі уақытта тізімнің алдына құрылыс саласы шығып отыр.