Биыл өңеш пен асқазанның, тамақ асты бездерінің қатерлі ісіктерін ерте кезеңде анықтау скринингі жүргізіледі
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Елорданың денсаулық сақтау қызметкерлері ең көп тараған және қауіпті аурулардың алдын алу, сонымен бірге ерте кезеңінде анықтау мақсатында тұрғындарды тұрақты түрде тексеруден өткізіп тұрады.
2012 жылы осы бағытта 417 926 адам скринингтік тексеруден өтті. Бұл туралы Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті.
Елорданың ресми сайтының жазуынша, скринингтік бағдарламаға енгізілген аурулар тізбесі өте көп. Олар: сүт безі, жатыр мойны, тік шек қатерлі ісіктері, глаукома, қан айналымының бұзылуы аурулары, балалар мен жасөспірімдерде болатын «В» және «С» гепатиті, сондай-ақ, жаңа туған сәбилерде кездесетін туабітті немесе тұқым қуалаушылық сырқаты. Сонымен қатар биылғы жылы өңеш пен асқазанның, бауыр мен тамақ асты бездерінің қатерлі ісіктерін ерте кезеңде анықтау мақсатында скрининг жүргізілетін болады.
Скринингтік-тексеру жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, сондай-ақ, туабітті сырқаттарды, тағы басқа да ауруларды ерте кезеңінде анықтаудың негізгі мүмкіндіктерінің бірі екендігі дәлелденді. Сондықтан, қаланың әрбір емханасында құрамында профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесі бар скринингтік тексеру кабинеттері жасақталған. Тексерілу тегін жүргізіледі.