Биыл орман қорында өрт қаупі едәуір артады - Ибрагим Күлшімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері 122 орман өрті тіркеліп, келтірілген шығын 51 млн теңгеден асты. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қазгидромет болжамына сенсек, алдағы өрт қауіпті кезеңде температура орташа алғанда +25ºС, республиканың оңтүстік, шығыс, батыс бөлігінде температура +30ºС дейін жоғарылайды. Бұл орман қорында өрт қаупін едәуір арттырады. Жыл басынан бері 122 орман өрті тіркелді, өрттің жалпы ауданы - 19 мың гектардан асты және 51 млн теңгеден асатын шығын келді. Дала алқаптарында да осындай жағдай қалыптасып отыр», - деді бірінші вице-министр.

Мәселен, оның дерегінше, өткен жылы 111 дала өрті тіркеліп, өрт жалмаған алаң 55 мың гектарды құрады. Бұл ретте екі адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды, шамамен 500 бас мал өртенді.

«Минералданған жолақтардың жоқтығынан даладан 127 өрт орман алқаптарына ауысты. Оның негізгі үлесі жергілікті атқарушы органдардың бақылауындағы ормандарға тиесілі. Биыл өрт қауіпті кезең басталғаннан бері екі дала өрті тіркелді. Жалпы ауданы - 780 гектар және 605 дала өрті тіркеліп, жалпы ауданы 2 503 гектарды құрады. Өңірлердегі температуралық фонның ұлғаюы және екпінді желдің салдарынан өрттердің тез өршуі тұрғын үй секторында өрт жағдайын нашарлататынын айта кету керек. Жанған құрғақ шөп тұрғын және саяжай үйлеріне ауысуының 14 жағдайы тіркелді. Мысалы, Петропавл қаласында қамыс өрті жақын маңдағы жеке тұрғын үйлерге жайылды», - деді Ибрагим Күлшімбаев.


Соңғы жаңалықтар