Биыл орман өрті 1223 гектар алқапты шарпыды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орман өртінен келген шығын 20 млн. теңгеден асты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР ТЖМ басшысы Владимир Божко мәлім етті.

Биыл орман өрті 1223 гектар алқапты шарпыды

«2014 жылғы өрт қаупі кезеңі басталғаннан бастап орман қоры аумағында 250 өрт орын алып, 2013 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда олардың санының өскені байқалды. Материалдық шығын екі есеге артып, 20 млн. 634 мың теңгені құрады. Атап айтқанда, өрт шарпыған орман ауданы 23 пайызға азайды және ол 1223 гектар алқапты қамтыды»,-деді министр.

Мұнымен қоса, 15 дала өрті тіркеліп, от жайылған аудан 19 898 гектарға жетті. Осы орайда материалдық шығын 3 млн. теңгеден астам қаржыны құрады. 2013 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда, дала өрттері 73 пайызға өсті.

В. Божконың сөзіне қарағанда, дала өрттерін дер кезінде анықтауға жерді қашықтықтан барлау ғарыштық қызметі айтарлықтай көмек көрсетуде.