Биыл өрт салдарынан қаза болғандардың 65 пайыздан астамы алкогольдік ішімдік пайдаланған адамдар - ТЖМ
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биыл өрт салдарынан қаза болғандардың 65 пайыздан астамы алкогольдік ішімдік пайдаланған адамдар. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің мемлекеттік өрт қауіпсіздігін қадағалау және анықтау басқармасының бастығы Марат Хасенов мәлім етті.
«Мереке күндері адамдар босаңсып, алкогольдік ішімдіктерді пайдаланады. Атап айтқанда, биылғы жылы өрт салдарынан қаза болғандардың 65 пайыздан астамы алкогольдік ішімдік пайдаланған адамдар болды. Сондықтан жаңа жылды мерекелеу уақыты Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызметі үшін ауыртпалық түсіреді»,-деді басқарма бастығы
Оның сөзіне қарағанда, мейрам күндері оқиға орындарына шақырылымдар бірнеше есеге артатын көрінеді. Жаңа жылды мерекелеудің 3-4 күнінде де өрт оқиғаларының саны арта түседі.