Биыл Павлодар облысына қоныстанатын этникалық қазақтардың саны 500-ге жетеді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Этникалық қазақтардың Ертіс өңіріне көшіп келуі үшін қосымша 250 квотаға өтініш жіберілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен әлеуметтік және мәдени даму мәселелері туралы өңірлік мәслихат комиссиясының тұрақты отырысында айтылды.
«Жыл басынан бері Моңғолия, Қытай, Өзбекстан және Ресей елдерінен өңірге 250 адам келген. Олардың ішінде квота алмаған этникалық қазақтар бар. Сондықтан барлығын сәйкестендіру керек. Біздің өңірге бөлінген 250 квотаны толығымен орындадық. Сондықтан еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне квотаны тағы 250 адамға немесе 63 отбасына арттыру туралы өтінішпен жүгіндік»,- дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Хелуа Қашкенова.
Жылдың соңына дейін тарихи отанына оралған қандастардың саны 500 адамға жетеді. Хелуа Қашкенованың айтуынша, квотаның арқасында көшуге субсидия және жыл бойы баспана жалдап тұруға жәрдемақы алу мүмкіндігі ұсынылады. Этникалық қазақтар туыстарымен қауышу үшін келеді және басым бөлігі Ақсу, Екібастұз ауылдық аймақтары мен Успен, Май, Павлодар және Ертіс аудандарын таңдайды. Бұдан басқа, биылғы жылы облыстың үш қаласы мен аудандарына Қазақстанның жұмыс күші мол аймақтарынан 2175 адамды немесе 548 отбасын қабылдау жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, этникалық қазақтарды Павлодар облысына көшіру ісі 2009 жылы қолға алынған болатын. Қытайдан қоныс аударған оралман Адал Хамитхан трактормен Павлодар облысына жету үшін бір аптаның ішінде 1,5 мың шақырымды артқа тастап келген.